Солтүстік Каспий жобасы

Солтүстік Каспий жобасы

1997 жылғы қарашада Қазақстан Республикасы мен халықаралық консорциум арасында Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісімге (СКӨБК) қол қойылды. 1998 жылы алаңы 5 600 км2 учаскеде көмірсутектерді барлау басталды.

2000 жылы СКӨБК шеңберінде аса ірі «Қашаған» кен орны ашылды.

«Қашаған» кен орны Каспий теңізіндегі қазақстандық сектордың солтүстік бөлігінде орналасқан. Кен орнының аумағы шамамен 75 км х 45 км алаңды құрайды. Кен орнының геологиялық мұнай қоры 4,5 млрд. тонна мөлшерінде бағаланады.

Каспий теңізі аймағының экологиялық сезімталдығы мен ауа райының қаталдығына, жобаның техникалық күрделілігі мен өндіріс қауіпсіздігіне қойылатын жоғары талаптарға байланысты «Қашаған» кен орнын кезең-кезеңмен игеру қажеттілігі туындап отыр.

Сонымен қатар Солтүстік Каспий жобасының шеңберінде 2002 жылы «Қаламқас-теңіз», 2003 жылы «Ақтоты», «Қайраң» және «Оңтүстік Батыс Қашаған» кен орындары ашылды. Барлау және бағалау нәтижесі бойынша кен орындарының геологиялық қоры мынадай: «Қаламқас-теңіз» - 284 млн. тонна мұнай, «Ақтоты» - 156 млн. тонна конденсат, «Кайраң» - 112 млн. тонна мұнай, «Оңтүстік Батыс Қашаған» - 20 млн. тонна конденсат.

Қазіргі жағдай

«Қашаған» кен орны

Қазіргі уақытта «Қашаған» кен орнын игерудің тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру кезеңі деп аталатын 1-кезеңі іске асырылып жатыр.

Қашаған кен орнының жайғастыру сұлбасы жерүсті және теңіз нысандарынан тұрады. Жерүсті нысандарына мыналар жатады: «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысы (МГКДҚ), сондай-ақ Батыс Ескенедегі теміржол кешені жобасы. Теңіз нысандарына жататын мынадай жасанды құрылыстар салынып бітті: «Д» аралындағы технологиялық пайдалану кешені, «А» аралы, ЕРС-2, 3 және 4 аралының ерте өндіру орталықтары, сондай-ақ бұрғылау орталықтары - DC-1, 4 және 5 аралдары (Қашағанды одан әрі игеру кезеңдерінің нысандары).

«Қашаған» кен орнының мұнай мен газ өндіруді, газды кері айдау мен ұңғыма бұрғылауды қамтамасыз ететін барлық теңіз құрылыстары жасанды аралдарда орнатылады. Мұнай мен газды жағалауға жерүсті кешеніне - «Болашақ» МГКДҚ-ға дейін тасымалдау кәсіпшілік құбырлары арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл ретте өндірілген газдың бір бөлігі газды кәдеге жарату және қабаттық қысымды ұстап тұру мақсатында кері жер қабатына айдалады.

2013 жылғы 11 қыркүйекте «Қашаған» кен орнында өндіру басталды.

28 дюймдік газ құбырында газдың жылыстауы анықталуына байланысты 2013 жылғы қазаннан бастап Қашағанда өндіру тоқтатылды. Құбырішілік диагностика, сыртқы инспекциялық жұмыстар мен зертханалық зерттеулердің нәтижесі бойынша мердігерлік компаниялар «Болашақ» жерүсті кешені мен теңіз кешені арасында орналасқан мұнай құбыры мен газ құбырын толық ауыстыру туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта Солтүстік Каспий жобасының операторы осы кәсіпшілік құбырларын ауыстыруды аяқтап, өндірістік нысандар мен жабдықты қосу-бапту бағдарламасын қайта іске қосты.

2016 жылғы 1 қарашада Қашағанда көмірсутекті шикізатты өндіру коммерциялық деңгейге шығып, тәулігіне 75 мың баррель мұнай өндіруге дейін жетті. 2016 жылғы 7 желтоқсанда Атырау қаласында Мемлекет басшысының қатысуымен Қашаған кен орнын ресми таныстыру рәсімі өткізілді. Кен орны қайта қосылған сәттен бастап оператор өндіру деңгейін арттыру және оны белгіленген деңгейде тұрақтандыру мақсатында жұмыс жүргізіп жатыр. 2018 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Қашағанда өндірісті қайта іске қосудан бастап 22,5 млн. тонна мұнай, 13 млрд. м3 газ және 2,6 млн. тонна күкірт өндірілді.

2019 жылғы ІІ тоқсанда кен орнында өндірістік нысандар толық тоқтатылып, алғашқы рет күрделі жөндеу жүргізілді, оның барысында «Д» аралындағы екі ұңғыманы шикі газ айдауға арналған тоғыту қорына қайта жабдықтау, қосымша ребойлер орнату, ыдыстарды, сақтандыру клапандарын ашу, инспекциялау, жөндеу мен қызмет көрсету және үздіксіз өндіріс пен өндіруді тәулігіне 330 мыңнан 370 мың баррельге дейін арттыру үшін басқа да жұмыстар жүргізілді. Өкілетті орган операторға барлық қойылған мақсаттарға уақтылы қол жеткізу үшін жан-жақты қолдау көрсетіп отыр.

Басқа жобалар

Оператор Солтүстік Каспий жобасының шеңберінде басқа кен орындарына қатысты жұмыстарды жалғастырып жатыр.

Қазіргі уақытта Қаламқас-теңіз кен орнын игеру тұжырымдамасын таңдау бойынша жұмыстар жалғасуда. «Ақтоты» және «Қайраң» кен орындарында оператор игеру тұжырымдамасын әзірлеп жатыр.

Жергілікті қамту

Өкілетті орган жобада жергілікті қамтуды дамытуға ерекше назар аударады.

Оператор жобада жергілікті қамту үлесін арттыру мақсатында 2017-2021 жылдарға арналған жергілікті қамтуды дамытудың ұзақмерзімді жоспарын әзірледі.

Өкілетті органның бастамасы бойынша жергілікті қамтуды дамыту мақсатында оператор мынадай бағыттар бойынша жұмыс жүргізіп жатыр:

  • «ерте» тендер тетігі іске асырылып жатыр, ол Қазақстан Республикасының аумағында өндірісті қалыптастыру шартымен мерзімін кейінге шегере отырып өнім жеткізу жөнінде шарт жасасуды көздейді;
  • Үкімет тапсырмасына сәйкес Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұйрығымен Мұнай-газ машиналарын жасауды дамыту жөніндегі жұмыс тобы құрылды:
  • Жоба операторлары сатып алған тауар өнімі номенклатурасына талдау жүргізілді және оның нәтижесі негізінде жұмыс істеп тұрған мұнай-газ машиналарын жасау кәсіпорындарының қолданыстағы өндірісін жаңғырту немесе жаңа өндіріс құру үшін қажет тауарлар тізбесі жасалды;
  • Ірі операторлардың техникалық және сапалық талаптарына сәйкес тауар шығаруға мүдделі отандық тауар өндірушілердің тізбесі белгіленді.
  • Түпнұсқалық жабдықты өндірушілерден тауар сатып алған кезде жергілікті қамтудың үлесін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, «PSA» ЖШС және операторлар - КПО мен НКОК арасында «PSA» ЖШС әзірлеген Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
  • Осы жұмысты іске асыру мақсатында ҚР Энергетика министрлігі, «PSA» ЖШС, КПО, НКОК, ТШО, «Атамекен» ҰКП, KAZENERGY қауымдастығы, Қазақстан машина жасаушылар одағы, KazService және ОЕМ өндірушілер өкілдерінің қатысуымен «ОЕМ тауарлары өндірісін жергіліктілендіру» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
  • ҚР мұнай-газ машиналарын жасауды дамытудың 2019-2025 жж. арналған іс-шаралар жоспары әзірленіп бекітілді.
  • 2019 жыл үшін тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудағы жергілікті қамтудың деңгейі 52,4 % құрады.
  • НКОК компаниясының жергілікті жеткізушілерді қолдауға арналған бағдарламасының арқасында Атырау облысының 330-дан астам кәсіпорны жетілдіру жөніндегі бағдарламаға қатысты.
  • 200-ден астам жергілікті компанияға халықаралық үлгідегі сертификаттарды (ISO, ASME, API, NDT және т.б.) алуға жәрдем берілді. 2 зауыт ASME стандарты бойынша оқытылып, сертификатталды және НКОК-қа қызмет көрсетуге дайындықпен шектелмей, халықаралық нарыққа шығып отыр. «ҚазАрматура зауыты» ЖШС API specification Q1 стандарты бойынша сертификатталды.
  • Жергілікті компаниялардың 3800 қызметкері кәсіби-техникалық дағдылар бойынша оқудан өтіп, біліктілік алды.
  • 3000-ге жуық жергілікті компания НКОК деректер базасына тіркелді.

Кадрдағы жергілікті қамтуды арттыру

2019 жылдың соңында кадрдағы жергілікті қамтудың деңгейі 91% құрады.

Жобада жергілікті персоналдың санын арттыру және шетелдік қызметкерлерді қазақстандық мамандарға ауыстыру үшін оператор жыл сайынғы негізде біліктілік деңгейі мен басшылық дағдыларды арттыру мақсатында жергілікті персонал үшін оқу ұйымдастырады.

2019 жылдың соңында қызметкерлердің жалпы саны 3247 адамды құрады, оның ішінде 2962 адам жергілікті мамандар.

2018 және 2019 жылдар ішінде шетелдік қызметкерлер атқарған 85 лауазым ұлттандырылды.

Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар

ӘИЖ іске асыру уақыты ішінде Атырау және Маңғыстау облыстарында 214 нысан салынды.

2019 жылы Атырау облысында 6 жоба аяқталды: Атырау қаласында «Исатай-Махамбет» алаңы қайта құрылды, Құрманғазы ауданында магистральды газ құбыры мен ауылішілік газ желілері салынды, Еркінқала және Ақжар ауылдарында 200 орындық 2 ауылдық клуб, Қадырқа ауылында 60 пәтерлік тұрғын үй салынды.

2019 жылы Маңғыстау облысында 8 нысан аяқталды: Бейнеу, Сенек және Маңғыстау ауылдарында 3 спорттық сауықтыру кешені салынды, Ақтау қаласында жағалау салынып, абаттандырылды, «Мәдени орталық» кешенінің бірінші кезегі салынды, 14 және 15-шағынаудандарда жағалау абаттандырылды, № 22 автокөлік жолы салынды, «Жеңіс бағы» абаттандыру бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі уақытта Атырау облысында мынадай жобалар іске асырылып жатыр: Атырау қаласында жастар бағы мен кардиологиялық орталық салу және жағалауды абаттандыру, Ганюшкино ауылында орталық аудандық аурухана салу.

Маңғыстау облысында мынадай жобалар іске асырылуда: «Мәдени орталық» кешені (екінші кезек), «Бокс орталығы» спорт кешені, Ақтау қаласында онкологиялық диспансер салынып жатыр.

Консорциум

«Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясы консорциум атынан жоба операторы ретінде әрекет етеді. Консорциумның құрамына кіретін мұнай-газ компанияларының жобадағы үлестері мынадай:

- “ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ (ҚМГ Қашаған Б.В.) -16,88%;

- ENI S.p.A. (Agip Caspian Sea B.V.) – 16,81%;

- Exxon Mobil Corporation (ExxonMobil Kazakhstan Inc.) - 16,81%;

- Royal Dutch Shell plc. (Shell Kazakhstan Development B.V.) - 16,81%

- Total S.A. – 16,81%;

- CNPC (CNPC Kazakhstan B.V.) - 8,33%;

- NPEX Corporation (INPEX North Caspian Sea) - 7,56%.