• 21.03.2026

ҚАРАШЫҒАНАҚ КЕН ОРНЫ ГАЗЫН ӨҢДЕУ ЖӨНІНДЕГІ ҚУАТТАРДЫ ДАМЫТУ ТУРАЛЫ



2023 жылғы 07 маусымдағы Қарашығанақ кен орны газын өңдеу жөніндегі қуаттарды дамыту туралы хабарды толықтыру үшін,  Шелл және Эни компаниялары тұлғасындағы Қарашығанақ жобасының Операторы газ өңдеу зауыты (ГӨЗ) бойынша түпкілікті инвестициялық шешімді (ТИШ) қабылдай алмағанын хабарлаймыз.

Осыған байланысты Өкілетті орган 2025 жылғы мамырда ресми түрде Мердігерден ГӨЗ бойынша барлық жұмыстарды аяқтауды талап етті.

 Қазақстан Республикасы мынадай себептерге байланысты бұдан әрі ГӨЗ салу жобасын қолданыстағы ӨБТК шеңберінде қарастырмайтынын атап өту қажет:
  • Оператор әзірлеген ГӨЗ салу бойынша шығыстар сметасы бастапқы жоспардан көп есе  асып түсті;
  • ГӨЗ жобасының экономикалық тартымдылығы төмен және Республика Үлесінен ақша қаражаты едәуір жылыстайды;
  • Оператор үнемі жобаны санкциялау мәселелерін ГӨЗ-ге қатысы жоқ мәселелермен байланыстырады.
Осылайша, Қарашығанақ жобасы Операторының ГӨЗ салу жобасы техникалық, коммерциялық және құқықтық тұрғыдан орынсыз болып табылады.
Қазіргі уақытта Республика  ұлттық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қарашығанақ газын өңдеу үшін ГӨЗ  жобалау жұмысын бастап отыр.